2-қазан
Зуылдаған уақыт-ай, жаңа оқу жылының бірінші айы аяқталып қалыпты ғой. Биылғы оқу жылын ерекше сезіммен бастап, әр сабағымды креативті әдістермен өткізем деп жоспарлаған едім. Алайда күйеуім жол апатына ұшырап ауруханада жатқандықтан, көңіл күйім жоқ. Ал көңіл күй үйде ғана емес, жұмыста да кері әсер етеді екен. Адамның көңіл күйі ауыстырып үйге тастап кететін көйлек емес.
Дегенмен жазда «Smart ұстаз» курсын оқығаным жақсы болыпты. Курстағы кейбір әдіс-тәсілдердің пайдасы тиіп жатыр. Мысалы, түк дайындықсыз келген күні атаулы күндермен сабағымды байланыстырам.
Мәселен биыл ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Ал кеше сабаққа дайындықсыз келгенімде, әдебиет сабағына директор мен үш мұғалім кіретіні ескертілді. Сасқалақтап қалдым. Бірақ бұндай жағдайдан жол тауып шығу мұғалімнің шеберлігін білдіреді. Тақтаға ақынның мына сөзін жазып қойдым:
«Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға». Сабақта ұлы ақынның 180 жылдығымен байланыстырдым.
Жазда өзіме Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңін жаттағаным да дұрыс болған екен. Екі шумағын жатқа айтып бердім.
Сөйттім де әр оқушыдан Абайдың бір өлеңін сұрадым. Абайдың өлеңін жатқа білмейтін оқушы жоқ қой, шіркін! Бірінен соң бірі жатқа айтып жатыр. Айтқан сайын сыныптың рухы көтерілді. Сабағым жақсы өтті.
Жалпы әдебиет пәні мұғалімі Абайдың өлеңдерін жатқа білуі керек екенін түсіндім.
3-қазан
Бұл аптада әр сабақты Абайдың 180 жылдығымен байланыстырам деп жоспарлағанмын. Абайдың 180 жылдығы – жай мерейтой емес, бүкіл ұрпақ үшін бағдаршам ғой.
Бүгін 11-сыныпта сабақ өттім. Қайталау сабағы. Өткен жылғы білімді қайталаудың өзі қызық болуы тиіс. «Абай жолы» романын ала отырып, әр оқушыға бір кейіпкерді таңдауды тапсырдым. Оқушылар рөлге еніп, монолог жазды:
– «Мен – Құнанбаймын. Қаталдығым үшін кешіріңдер, бірақ халқымның болашағын ойлап едім…»
Оқушылардың тапқырлығына тәнті болдым.
Қайталау – жалаң білім емес, тәжірибе. Кейіпкерге айналған оқушы шығарманы шынайы сезінеді.
Сабақта «Рөлдік ойын» әдісін жиі пайдалану керек, ол оқушыны тартудың ең тиімді жолы.
Үйге тапсырма ретінде осы монологтарын видео форматында айтып, чатқа жіберу керектігін айттым. Бұл балалардың қызығушылығын одан сайын арттырғанын көздерінен байқадым.
6-қазан
Дүйсенбі күні көп мұғалім қуаты тасып жүреді. Ал мен керісінше, сенбі-жексенбі күндері тыным таппағандықтан ба, шаршаймын. Бүгін сондай сәт болды. Оның үстіне соңғы сабақ болған соң оқушылардың шаршап отырғанын аңғардым. Тағы да сүйікті ақынымның сөзін тақтаға жаздым: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап».
Сосын балалардың қызығушылығын арттыру үшін «Өздеріңді алға жетелейтін сөз бар ма?» деп сұрадым. Бірі: «Ата-анамның сенімі», екіншісі: «Футболдағы жеңістерім» десе, үшінші оқушы «Мен үйдің үлкенімін, іні-қарындастарым маған қарап бой түзейді. Сондықтан білімді азамат болуым керек деп өз-өзіме жігер берем» деді. Осылай оқушылар бірінен соң бірі «Мен өзіме және болашағыма жауаптымын», «Менің қолымнан бәрі келеді» деп жалғастырды. Сабақ бірден жанданды.
Осылай шаршағаныңды жасырмай, бірақ оны мотивацияға айналдыра білу – шынайы ұстаздық.
Балалар мұғалімнің көңіл-күйін сезеді. Оны жасырғаннан гөрі ашық бөліскен дұрыс сияқты…
7-қазан
Бүгін бір оқушым сабақта «Апай, әдебиет бізге не үшін қажет? Қазір жұмыстың бәрі телефонмен істеледі ғой» деді.
Мен «Әдебиет – телефон емес, жүректің батареясы. Ол таусылмайды» дедім. Осыдан кейін Абайдың «Адам бол!» деген өсиетін талқыладық. Сабақ тартысты өрбіді.
Оқушылардың «неге?» деген сұрағына дайын болу – ұстаздың абыройын көтереді.
Студент кезде ұстазымның «Оқушының сабақтан тыс сұрақтарынан қашпаңдар, қайта соларды сабаққа айналдырыңдар» деген сөзі есіме түсіп отыр.
8-қазан
Бүгін оқушыларға Абайдың «Жаз», «Күз», «Қыс» өлеңдерін тыңдатып, балаларға көзін жұмып елестетуді өтіндім.
Кейін әрқайсысы сурет салды. Бірі қардың астында тұрған жалғыз теректі, бірі жайқалған көк шалғынды бейнеледі.
Мен әдебиетті тек сөз арқылы емес, бейне арқылы да сезінуге болатынын осылай түсіндірдім.
Әдеби шығарманы басқа пәндермен байланыстыру (сурет, музыка, тарих) – әсерін күшейтеді.
Үй тапсырмасына «Абайдың табиғат өлеңін фон музыкамен оқып, аудио жаз» деген креативті тапсырма бердім.
9-қазан
Бүгін Ержан сабақта тағы телефонына қайта-қайта шұқылап отырды. Әр сабақта телефонын алып қоям. Бұл жолы тәркілемей:
– Ержан, телефоныңда Абайдың қара сөздері бар ма? — дедім.
– Жоқ.
– Онда бүгін сенің миссияң – оны жүктеу.
Сабақ соңында шынымен жүктеп әкелді.
Қиын оқушыны жазалаудың орнына, жауапкершілік беру – тиімді тәсіл. Баланың мінезін күшпен емес, сеніммен түзетуге болады.
Сабақ соңында «Сабақтағы миссия» әдісі деген жаңа әдіс енгізуге болатынын ойладым. Бұл әдіс арқылы тәртіпсіз балаға кішкентай жауапкершілік беріп, оны «ерекше рөлге» айналдыруға болады.
10-қазан
Мұғалімдер бөлмесінде Алтын апай «Мұғалім ретінде оқушылармен дос болып, олармен сырласып, шектен тыс жақын қарым-қатынаста болудың қажеті жоқ. Басынып, бекерге сыйламай, айтқаныңды тыңдамай кетеді. Мұғалімде өзіндік мыс, қаталдық болуы керек. Қазіргі оқушылар тек өздері қорқатындарды ғана сыйлайды» деді.
Мұғалім ретінде екі сипатта да болып көрдім. Екіншісі тиімді екеніне көзім жетті. Бірақ уақыт өте келе мен бір нәрсені терең түсіндім: қорқыныштан туған сыйластықтың ғұмыры қысқа, ал жүректен шыққан құрмет — мәңгілік. Қаталдық тәртіп орнатады, бірақ жылылық қана сенім тудырады. Ендеше, нағыз мұғалім — осы екеуінің арасындағы нәзік тепе-теңдікті таба білген адам. Ол оқушының бойындағы мүмкіндікті аша отырып, өз беделін де сақтай алады. Себебі ұстаздың күші – дауысында емес, адам жанына жол таба білуінде…
Айман Тәшімбет,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
