Түркістан облысы, Жетісай ауданына қарасты М.Әуезов атындағы №31 жалпы білім беретін мектебінде Халықаралық әйелдер күні мерекесі жоғары деңгейде атап өтілді. Мереке аясында «Қамқорлық жасау өз қолыңда» атты қайырымдылық бағытындағы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Кештің басты меймандары ретінде ауылдың көпбалалы және жалғызбасты аналары, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған қаһарман аналар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар шақырылды.
Мектеп ұжымы мен оқушылар аналарға ерекше құрмет көрсетіп, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді. Сахна төрінде оқушылар аналардың қадір-қасиетін асқақтататын әсем ән шырқап, мың бұрала би билеп, көрерменнің ықыласына бөленді. Бұл кеш тек мерекелік концерт қана емес, мектеп пен қоғам арасындағы рухани байланысты нығайтқан тағылымды кездесуге айналды. Әрбір қойылымнан анаға деген шексіз махаббат пен балалық пәк көңіл аңқып тұрды.
Мереке соңында қатысушыларға арнайы дайындалған естелік сыйлықтар табыс етіліп, көтеріңкі көңіл-күй сыйланды. Қамқорлық пен мейірімге толы мұндай игі шаралар жас ұрпақтың бойында жанашырлық пен үлкенге құрмет көрсету секілді асыл қасиеттерді қалыптастырады.
Бұл іс-шараны мектептің әлеуметтік педагогы Нәдірбаева Күлзағира, мектеп директоры Айғаным Торыбаева және тәлімгер Күлмира Анарбаева ұйымдастырды. Олар өз сөздерінде аналардың отбасы мен қоғамдағы рөліне тоқталып, ізгі тілектерін жеткізді.
«Ана – өмірдің нәрі, шуақтың көзі. Бүгінгі шара арқылы біз қиындыққа мойымай, бала тәрбиесімен қатар қоғамдық істерге үлес қосып жүрген нәзік жандарға алғысымызды білдіргіміз келді», — деді мектеп басшылығы.
Іс-шараға келген қонақтар да ризашылығын жасырмай, ақ тілектерін жаудырып, мектеп ұжымына алғыс айтты. Аналар риза болса, әлем құлпыра түседі, ал мейірім төгілген жерде береке болары анық.
Түркістан облысы, Жетісай ауданы
«М. Әуезов атындағы №31 ЖББМ» КММ-нің
әлеуметтік педагогы К. Нәдірбаева.
