Шымкент қаласы білім басқармасының ұйымдастыруымен 2026 жылдың сәуір айында «Қазақстанда “Akelius” арқылы тілдерді цифрлық оқытуды кеңейту және институционализациялау» тақырыбында республикалық конференция өтті.
Аталған іс-шара еліміздегі тілдерді оқыту үдерісіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған маңызды алаңға айналды.
Конференция №147 жалпы орта білім беретін мектеп базасында ұйымдастырылып, «Akelius» бағдарламасы аясындағы тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді. Жоба 2025-2026 жылдарға арналған МУИТ пен Шымкент қаласының Әдістемелік орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда «Akelius» цифрлық платформасы Шымкент қаласындағы алты мектепте енгізілген. Жоба аясында 36 мұғалім 1080 оқушыға ағылшын және орыс тілдерін оқытуда заманауи қосымша мен планшеттерді тиімді қолдануда. Мұғалімдерге жоба менторлары мен МУИТ-тің жетекші мамандары тұрақты әдістемелік қолдау көрсетіп келеді.

Конференция барысында цифрлық және аралас оқытудың озық үлгілері ұсынылып, педагогтерге арналған практикалық тренингтер мен ашық сабақтар өткізілді. Атап айтқанда, №147 мектептің ағылшын тілі мұғалімі Абдиматова Г.Е. «Sports and equipment» тақырыбында, ал орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Рысбек Н.Е. «В мире диких животных» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сонымен қатар, №76 және №80 мектеп мұғалімдері де өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шараға Алматы және Ақтау қалаларындағы жоба үйлестірушілері, МУИТ өкілдері мен жетекші ғалымдар, сондай-ақ Шымкент қаласындағы бірқатар мектеп директорлары мен педагогтері қатысты.
Конференция аясында қатысушылар ашық сабақтардың бейнематериалдарын әзірлеу, мұғалімдер мен оқушылардан сұхбат алу және цифрлық білім берудің үздік тәжірибелерімен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Аталған конференция білім беру саласындағы инновациялық жобаларды ілгерілетуге және заманауи әдістемелерді кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды ақпараттық алаң болды.
Рысбек Несібелі Еркинбайқызы.
