11-тамыз. Дүйсенбі
Бүгіннен бастап жаңа оқу жылының дайындық кезеңіне кірістірдім. Таңертең ерте мектепке барып, кабинеттің есігін ашқанда ішімде ерекше бір жауапкершілік сезімі оянды. Шаң басып қалған үстел, сөрелер, оқулықтар – бәрі жаңа тыныс күтетіндей.
Алдымен кабинетімдегі тақта мен үстелдерді тазаладым. Математика – абстрактілі ұғымдар пәні, бірақ оны көрнекі құралдармен, жылы атмосферамен қызықты етуге болады. Сондықтан тақта жанына жаңа формулалар кестесін іліп қойдым.
Күннің екінші жартысында жаңа оқу бағдарламасымен таныстым. Биылғы жаңалық – кейбір тақырыптардың ертерек берілуі және есептердің күрделенуі. Өзіме мақсат қойдым: күрделі есептерді қарапайым тілмен түсіндірудің жолдарын табу.
Бүгінгі шаруаларымнан түйгенім, жаңа оқу жылы – тек оқушылар үшін емес, мұғалім үшін де жаңа бастама.
* * *
12-тамыз. Сейсенбі
Бүгін сабақ жоспарларын қайта қарап шықтым. Өткен жылы оқушылардың қиындық тудырған тақырыптарын түртіп қойып, биыл сол тұстарға ерекше көңіл бөлуді шештім. Мысалы, теңдеулер жүйесін шешуде көпшілігі қиналған еді.
Өзім үшін «қиын тақырыптар апталығы» деген әдіс ойлап таптым. Яғни, әр тоқсанның ортасында бір апта тек қиын есептерді талдау мен қайталауға арналады. Бұл тәсіл балалардың сенімін арттырып, олқылықты дер кезінде жоюға көмектеседі деп сенемін.
Кешке жақын әріптесіммен әдістемелік кабинетте пікір алмастық. Ол маған интерактивті тақтада түрлі бағдарламаларды тиімді қолдану жолдарын көрсетті. Түсінгенім, әр мұғалім тәжірибесінде «әлсіз тұстарды» күшейту керек. Жаңа әдіс-тәсілдер – оқушыны да, мұғалімді де дамытады.
* * *
13-тамыз. Сәрсенбі
Бүгін шығармашылық жұмыс күні болды. Биыл апталықты ерекше етіп өткіземін деп ойлап отырмын. Оқушыларға арналған «математика апталығы» жоспарын құрдым. Мақсат – тек есеп шығару емес, математиканың өмірмен байланысын көрсету.
Жоспарда:
- Математикалық ребустар күні
- «Есепсіз өмір» атты пікірталас
- «Бір формуланың тарихы» көрмесі
- Логикалық ойындар кеші
Осындай іс-шаралар пәнге қызықпайтын оқушыларды да тарта алады деп ойлаймын. Математика тек сандар емес, ол – ойлау мәдениеті екенін көрсету – басты мақсатым.
Кешке өзімнің әдістемелік блогым үшін «Тақырыпты қызықты түсіндірудің 5 тәсілі» атты жазба дайындадым. Онда өмірлік мысалдар, ойын элементтері, топтық жұмыс әдістері туралы айттым.
Бүгінгі күннің түйіні: Математика – тек пән емес, өмір салты. Оны қызықтыру үшін сабақтан тыс шығармашылықты ұмытпау керек.
* * *
14-тамыз. Бейсенбі
Көпжылдық тәжірибемде көз жеткізгенім, оқушының жетістігі – мұғалім, оқушы, ата-ана үштігінің үйлесімді жұмысына байланысты. Сондықтан әр оқушымның ата-анасымен үнемі кері байланыстамын.
Сынып жетекші болған соң ата-аналар жиналысын да алдын ала жоспарлап қойған дұрыс. Бүгін ата-аналармен жұмыс жоспарын құрдым. Жыл сайын ата-аналарды тек жиналысқа шақыру жеткіліксіз. Олар баласының оқу процесін түсініп, қолдауы үшін арнайы «Математикадағы ата-ана рөлі» атты шағын нұсқаулық жазып жобалап қойдым. Құдай қаласа баспадан шығарып, жиналыста ата-аналарға таратамын.
Онда “Үйде баламен есепті талқылау жолдары”, “»Жауапты айтпай, бағыт беру» әдісі”, “Математикалық ойындар тізімі” деген бөлімдер бар. Қарапайым тілмен, түсінікті жазылған. Меніңше, ата-аналарға ұнайды.
* * *
15-тамыз. Жұма
Ең өнімді күн болды. Әр сынып үшін алғашқы сабаққа арнап мотивациялық кіріспе дайындадым. Мысалы, 7-сыныпқа: «Математика – миға арналған фитнес», ал 11-сыныпқа: «ҰБТ – мәре сызығы емес, жаңа жолдың бастамасы» деген тақырыпта шағын әңгіме құру.
Сабақ басталғанда балалардың назарын бірден аудару үшін логикалық жұмбақ немесе қызықты есеп беру – менің дәстүрім. Бұл жаңа оқу жылында да жалғасады.
Кешкісін ҰБТ-ға дайындықтың жеке жоспарын құрдым. Әр оқушының алдыңғы жылғы нәтижесіне қарай жеке траектория жасаймын. Өйткені ұққаным, мотивация – тек сөз емес, нақты әрекет. Алғашқы сабақ – бүкіл жылға серпін беретін сәт.
* * *
16-тамыз. Сенбі
Бүгін үйден жұмыс істедім. Оқулықтағы кейбір тақырыптарға өзім жасаған авторлық есептер қостым. Авторлық есептер оқушылардың ойлау қабілетін дамытады, себебі олар интернеттен дайын шешім таба алмайды.
Сондай-ақ, «математикалық лайфхактар» жинағын жасай бастадым:
— Үлкен сандарды есте сақтаудың әдістері
— Күрделі көбейту мен бөлу амалдарын қысқартып орындау жолдары
— Геометриялық сызбаны тез әрі дұрыс салу тәсілдері
Бұл жинақты тоқсан соңында оқушыларға шағын кітапша етіп таратамын.
* * *
17-тамыз. Жексенбі
Таңертең табиғат аясында серуендеп, алдағы жылға мақсаттарымды қағазға түсірдім. Мақсаттарым:
— Оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру
— Қиын тақырыптарды меңгертудің жаңа әдістерін енгізу
— Дарынды балаларды олимпиадаға дайындау
— Ата-анамен байланыс жүйесін нығайту
Күннің екінші жартысында интернеттен халықаралық математика мұғалімдерінің форумына қатыстым. Ондағы бір мұғалімнің сөзі есімде қалды: «Біз балаларды есеп шығаруға ғана емес, өмірде шешім қабылдауға үйретеміз».
Кешкісін барлық жоспарыма көз жүгіртіп, дайындықтың 80%-ын аяқтағаныма қуандым.
Мұғалімнің шынайы демалысы – өз ісіне қанағаттану сезімі екен ғой. Бүгін мен осыны толық түсіндім.
А. Маманқызы.
