Қазіргі динамикалы өзгеріп жатқан әлемде білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет – оқушыға дайын ақпаратты беру ғана емес, оны өздігінен білім алуға, сыни ойлауға және алған білімін өмірде қолдануға үйрететін бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру. Ал бұл міндетті жүзеге асырудың басты фигурасы – мұғалім.

Қоғамның дамуы мен елдің болашағы ең алдымен білім сапасына байланысты болса, білім сапасының өзегі – мұғалімнің біліктілігі. Сондықтан педагогтің кәсіби өсуі – жеке жетістік немесе қызметтік қажеттілік қана емес, ол бүкіл мектептің даму деңгейін айқындайтын стратегиялық фактор. Мектептің инфрақұрылымы қаншалықты заманауи болғанымен, білім беру сапасының деңгейі мұғалімнің кәсіби біліктілігі мен шеберлігінен аса алмайды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін педагогикалық аксиома.

Көрнекті педагог Константин Ушинский: «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана мұғалім. Ол оқуды, ізденуді тоқтатқан сәттен бастап оның мұғалімдігі де жойылады», — деп бекер айтпаған. Бұл ой қазіргі білім беру жүйесінің басты қағидаларының бірімен үндеседі: өмір бойы білім алу. Тек өз білімін үнемі жаңартып отыратын мұғалім ғана білім берудегі соңғы тенденциялардан кенже қалмай, оқушыларға заманауи трендтер бойынша бағыт-бағдар бере алады.

Себебі кәсіби тұрғыдан дамыған мұғалім ғана оқушыны өзгермелі әлемге бейімдеп, оны білімді, бәсекеге қабілетті және жауапты тұлға етіп тәрбиелей алады.

Бүгінгі педагогтің кәсіби портреті мен даму векторларына сәйкес, ол – тек өз пәнін терең меңгерген маман ғана емес, сонымен бірге зерттеуші, фасилитатор, ментор және цифрлық сауатты тұлға болуы тиіс. Өйткені тек өз білімін үздіксіз жетілдіріп, кәсіби өскен педагог қана заман талабына сай икемді оқушыны қалыптастыра алады. Өйткені өзгерістерден қорықпайтын мұғалім ғана баланың бойында жан-жақты білімді, жаһандық бәсекеге төтеп беретін қабілетті және өз болашағына саналы түрде жауап бере алатын тұлғалық қасиеттерді дамытады. Ол баланың ішкі потенциалын ашып, оны терең білімді, бәсекеге қабілетті және өз елінің болашағына жауапты азамат етіп қалыптастыруда басты рөл атқарады.

Заманауи білім беру кеңістігінде мұғалімнің кәсіби өсуі үш негізгі вектор бойынша өрбиді:

  1. Академиялық және пәндік құзыреттілік. Өз пәні бойынша терең білім мен ғылыми жаңалықтардан толық хабардар болу.
  2. Әдістемелік және цифрлық шеберлік. Сабақ берудің STEAM, PBL, критериалды бағалау сияқты жаңа тәсілдерін және жасанды интеллект платформалары, интерактивті сервистер т.б. цифрлық құралдарды еркін меңгеру. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді қолдана білетін мұғалім сабақ дайындау уақытын үнемдеп, оқушының жеке траекториясына көбірек көңіл бөле алады.
  3. Эмоционалдық интеллект (EQ) мен софт-скиллс. Оқушылармен, ата-аналармен тиімді коммуникация орнату, рефлексия жасау және күйзеліске төзімді болу қабілеті. Себебі баланың жүрегіне жол табу – пәндік білімді дарытудың ең басты алғышарты болып табылады.

Оқу жөніндегі орынбасар ретіндегі басты ұстанымым – мектепте мұғалімнің кәсіби дамуына қолайлы экожүйе (кәсіби орта) құру. Мұғалімнің біліктілігін арттыру тек сыртқы курстармен шектелмеуі тиіс, ол мектептің күнделікті іс-тәжірибесінің ажырамас бөлігіне айналуы керек. Осы орайда біздің М. Әуезов атындағы №31 жалпы білім беретін мектепте педагогтердің кәсіби дамуын қолдаудың мынадай тиімді тетіктері жолға қойылған:

  • Lesson Study тәжірибесі. Педагогтердің бірлесіп сабақ жоспарлауы, оны бақылауы және талдауы – сабақ беру сапасын арттырудың ең тиімді құралы. Мектепте құрылған зерттеу топтары оқушылардың оқудағы қиындықтарын анықтап, соған сәйкес сабақ әдістемесін бейімдейді. Рефлексия нәтижесінде мұғалімдер өз қателіктерін көріп, сабақты түзетіп отырады.
  • Тәлімгерлік жүйесі. Жас мамандарды бейімдеу және олардың кәсіби өсуін қамтамасыз ету мақсатында «Тәжірибелі педагог – жас маман» моделі жұмыс істейді. Тәлімгерлер жас мұғалімдерге тек құжаттама жүргізуді емес, сабақты тиімді ұйымдастыруды, сыныпты басқаруды және жағымды психологиялық климат қалыптастыруды үйретеді. Бұл жас мамандардың кәсіби ортаға тез бейімделуіне және іске болған ынтасының артуына үлкен септігін тигізеді.
  • Әдістемелік десанттар мен шеберлік-сыныптары. Мектептегі «педагог-зерттеушілер» мен «педагог-мастерлер» өздерінің оң тәжірибелерін әріптестерімен бөлісетін тұрақты шеберлік-сыныптары мен воркшоптар өткізеді. Бұл кейс-стади және іс-әрекеттегі зерттеу тәсілдерін кеңінен енгізуге мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе алмасу алаңдары мектеп ішіндегі белсенді кәсіби қоғамдастықтың катализаторына айналады.

Педагогтің біліктілігі мен оқушының білім сапасы арасында тура корреляция бар. Мұғалімнің кәсіби өсуі мектеп өміріне тікелей және жанама түрде үлкен әсер етеді:

— Оқушылардың білім сапасы артады. Заманауи әдіс-тәсілдерді меңгерген мұғалім сабақты қызықты әрі тиімді ұйымдастырады. Көрсеткіштер талдауы көрсеткендей, әдістемелік жағынан шебер мұғалімдер сабақ беретін сыныптарда білім сапасының динамикасы 15-20%-ға жоғары болады. Нәтижесінде оқушылардың пәнге деген қызығушылығы оянып, функционалдық сауаттылығы артады.

— Мектептің білім беру сапасы жақсарады. Кәсіби білікті мұғалімдер көп болған сайын мектептің жалпы көрсеткіштері жоғарылайды. Өйткені мұғалімдердің жаңа квалификациялық категорияларға өткізілуі (педагог-модератор, сарапшы, зерттеуші) – олардың өзін-өзі дамытуының объективті индикаторы. Өз білімін үздіксіз жетілдіретін мұғалім ғана дарынды оқушыны танып, оны олимпиадалық және ғылыми-зерттеу деңгейіне дейін жеткізе алады. Бұл мектептің аудандық, республикалық деңгейдегі рейтингін едәуір көтерері анық.

— Инновациялық орта қалыптасады. Өздігінен ізденетін мұғалім әріптестерімен тәжірибе алмасып, жаңа технологияларды енгізуге ықпал етеді. Бұл мектепте үздіксіз даму мәдениетін қалыптастырады.

— Оқушылардың тұлғалық дамуына әсер етеді. Мұғалім – оқушы үшін үлгі. Үнемі дамып, білімін жетілдіріп жүрген ұстаз оқушыларға еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің және өмір бойы білім алудың маңызын өз ісімен көрсетеді.

— Ата-аналардың сенімі артады. Кәсіби деңгейі жоғары мұғалімдер жұмыс істейтін мектепке ата-аналар көбірек сенім білдіреді. Бұл мектеп мен ата-ана арасындағы сыйластық пен ынтымақтастықты нығайтады. Өз кезегінде ата-ананың қолдауы оқушының үлгеріміне оң ықпал етеді.

— Мектеп ұжымындағы ынтымақтастық күшейеді. Білікті мұғалімдер коучинг, семинар, тәлімгерлік жұмыстарын ұйымдастырып, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына көмектеседі.

Педагогтің кәсіби дамуы жолында біршама міндеттер мен сынақтар бар екенін де жасыруға болмайды.

Мәселен, мұғалімнің үздіксіз ізденісі мен жүктемесі кейде эмоционалдық жануға алып келуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін мектеп әкімшілігі қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастырып, тайм-менеджментті дұрыс ұйымдастыруы тиіс. Мұғалімнің әл-ауқаты мен моральдық жағдайы – оның кәсіби тиімділігінің маңызды кепілі.

Сонымен қатар біліктілікті арттыру курстары немесе сертификат алу тек «қағаз жүзіндегі» есеп немесе портфолио үшін емес, шынайы сабақ сапасына ықпал етуі керек. Ол үшін мектепшілік бақылау мен кері байланыс жүйесі ашық, шынайы әрі объективті болуы қажет. Әрбір өтілген курс мұғалімнің практикалық әдіс-тәсілін жаңартып, сабақ тиімділігін арттыруға бағытталуы тиіс.

Қорытындылай айтсам, педагогтің кәсіби өсуі – уақыт талабы ғана емес, білім беру жүйесінің тұрақты дамуының негізгі шарты. Өз білімін үздіксіз жетілдіріп, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, тәжірибесін байытып отыратын мұғалім ғана оқушының әлеуетін толық аша алады. Мұндай ұстаздар қалыптасқан ортада білім сапасы артып, инновациялық мәдениет нығайып, мектептің қоғам алдындағы беделі де жоғарылай түседі.

Бүгінгі таңда мектептің жетістігі материалық-техникалық базамен емес, ең алдымен ондағы педагогтердің кәсіби құзыреттілігімен өлшенеді. Сондықтан М. Әуезов атындағы №31 жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруда біз әрбір мұғалімнің жеке кәсіби траекториясын қолдауды, үздіксіз оқуға ынталандыруды басты назарда ұстаймыз. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Мұғалім қандай болса, мектеп де сондай болмақшы. Яғни, мектепке керегі – білімді, педагогикадан хабары бар, оқыту әдісін білетін мұғалім», — деген сөзі ғасыр өтсе де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Шын мәнінде, мұғалімнің біліктілігіне салынған инвестиция – бұл ұлттың болашағына салынған ең берік капитал.

Кез келген заманауи мектеп пен реформаның сәтті болуы білім беру бағдарламаларына немесе технологияға емес, ең алдымен мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Ұстаз өзі үздіксіз дамып, заман ағымына сай білімін жаңартып отырғанда ғана шәкіртке сапалы білім мен дұрыс бағыт бере алады. Ал саналы ұрпақ – мемлекетіміздің берік іргетасы мен жарқын болашағы.

М.Әуезов атындағы №31 ЖББМ

коммуналдық мемлекеттік мекемесінің

директордың оқу жөніндегі орынбасары

Курманбекова Адиса Жаксылыкова.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *