Жетісай ауданы, №17 «Түркістан» жалпы білім беретін мектебінде ерекше форматтағы танымдық сабақ ұйымдастырылды. Мектеп директоры Жақсылық Нускабаев 5 «Ә» сынып оқушыларымен «Жаһандық құзіреттілік» пәні аясында «Үй. Аула. Мектептегі қауіпсіздік ережелері» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Сабақтың негізгі мақсаттары оқушыларға қоғамдық орындар мен күнделікті өмірдегі қауіпсіздік ережелерін ұғындыру, әрбір іс-әрекетке саналы түрде қарау мәдениетін қалыптастыру, күтпеген жағдайларда абдырап қалмай, дұрыс шешім қабылдауға үйрету.
Сабақ барысы тек теориямен шектелмей, оқушылардың белсенді қатысуымен қызықты өтті.
Оқушылар «Үйде жалғыз қалғанда», «Бөтен адаммен кездескенде» немесе «Мектеп ішіндегі тәртіп» секілді нақты кейстерді талқылап, шешімдерін ұсынды.
Төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету алгоритмін қарастырды. Төтенше жағдай орын алғандағы алғашқы қадамдар мен көмек шақыру жолдары қарастырылды.
Топтық жұмыс барысында өзара сыйластық, заңға құрмет және жеке жауапкершілік ұғымдары кеңінен талқыланды. Оқушылар жеке қауіпсіздік – бақытты болашақтың кепілі екенін айтып, өз ойларымен бөлісті.
«Қауіпсіз қоғам құру – мектеп қабырғасынан, баланың саналы әрекетінен басталады. Біздің мақсатымыз – әрбір оқушының тек білімді емес, сонымен қатар өзін қорғай алатын, жауапты азамат болып өсуіне жағдай жасау. Қауіпсіздік ережесін сақтау – өміріңді сақтау!», — деп атап өтті мектеп директоры.
Мектеп әкімшілігі үшін оқушылардың қауіпсіз ортада білім алуы – ең басты басымдық. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар мен ағартушылық іс-шаралар мектебімізде жүйелі түрде жалғасатын болады.
Абдраманов Асхат Пиримбетович,
17 «Түркістан» жалпы білім беретін мектеп» КММ
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары.
