Шымкент қаласының әкімі Ғ.Ә. Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес қалалық білім басқармасында «Sana» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Аталған жүйе қала аумағындағы орта білім беру мекемелерінде оқу процесінің ашықтығын арттыруға және білім сапасын көтеруге бағытталған.
Бағдарламаны талдау барысында 115 мектептен түрлі олқылықтар анықталды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бекітілген талаптарының сақталмағаны белгілі болды. Атап айтқанда, бұл білім беру ұйымдарында ұзақ уақыт бойы 2000-нан астам педагогикалық бос орын тіркелген.
Сонымен қатар, жекелеген мектептерде мұғалімдерге белгіленген 1,5 ставка орнына шамадан тыс жүктеме беріліп, аптасына 40-60 сағатқа дейін сабақ өткізу фактілері анықталған. Сарапшылардың айтуынша, вакансиялардың ұзақ уақыт бойы толтырылмауы педагог кадрларының тапшылығын білдірмейді. Бұл – әдейі қалыптастырылған жүйелі тетік.
«Маман жоқ» деген сылтаумен мұғалімдерге артық сағаттар жүктеліп, оқу жүктемесі жасанды түрде көбейтіледі. Егер педагог күн сайын демалыссыз, сабаққа дайындықсыз 8 сағат жұмыс істесе, оның апталық жүктемесі 40 сағатқа жетеді. Алайда педагогикалық еңбектің ерекшелігін ескерсек, мұндай режим физикалық әрі кәсіби тұрғыдан мүмкін емес. Соның салдарынан көрсетілген сағаттардың бір бөлігі іс жүзінде оқушыларға өткізілмейді.
Осы жағдайда кейбір мектеп директорлары жалған табельдер жасап, «лоялды» мұғалімдермен уағдаласу арқылы бюджет қаржысын заңсыз иемдену схемасын қалыптастырады.
«Лоялды» мұғалімдер деп кімдер аталады? Олар, әдетте:
— мектеп басшысымен жеке байланысы бар немесе таныстар арқылы жұмысқа орналасқан;
— кәсіби біліктілігі мен білім деңгейі төмен;
— жоғары білімі туралы құжаты күмән тудыратын тұлғалар.
Мұндай мұғалімдер заңсыз қосымша жүктеме арқылы қағаз жүзінде «сабақ өткізілді» деп есептелген қаржыны мектеп директорына беріп отырады. Өздері бұл қаражаттан үлес ала бермейді, себебі олар үшін ең маңыздысы – тұрақтылық:
– жалақысын уақытында алу;
– тексеріс пен қысымға ұшырамау;
– қызмет орнын сақтап қалу.
Білім деңгейіне сенімсіз болғандықтан, олардың осал тұстары көп және директордың кез келген талабын бұлжытпай орындайды. Ал кәсіби білімі жоғары, тәжірибелі мұғалімдер мұндай заңсыз әрекеттерге бармайды әрі басшылықтың негізсіз талаптарына көзсіз бағынбайды. Осы себептен кейбір мектеп басшылары білікті кадрларды әдейі жұмысқа қабылдамауға тырысады.
Нәтижесінде, директорлар үшін білімі төмен болса да, толық бақылауда болатын, айтқанынан шықпайтын мұғалімдер тиімді саналады. Мұндай ахуал білім беру жүйесінің әлсіреуіне, болашақ ұрпақтың білім сапасының төмендеуіне және мемлекеттік бюджет қаржысының талан-таражға түсуіне алып келуде.
Әрине, өз ісіне адал, кәсіби мұғалімдер мен білікті мектеп басшылары да аз емес. Алайда білім саласындағы мұндай келеңсіз жайттар алаңдатпай қоймайды. Қазіргі уақытта анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті қорытындылар шығарылып, нақты шаралар қабылдануда. Қала бойынша сабақ кестелері нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестендірілді. Сондай-ақ, материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, тиісті әрекеттер қолға алынуда.
(фото: ЖИ)
