Тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты құндылығы – адам бостандығы. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – Конституцияның басты талабы. Сондықтан да бүгінгі қоғамда зорлық-зомбылыққа орын жоқ.

Әрбір баланың азамат болып қалыптасуы отбасынан басталады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық құндылықтар мен ізгі мұраттар ошақ қасында дамиды. «Ана – сая болар бағың болса, Әке – асқар тауың» дегендей, ата-ананың мінез-құлқы – бала үшін басты үлгі. Алайда бүгінде тек әлеуметтік аз қамтылған отбасылар емес, қарапайым шаңырақтардағы балалар да зорлық-зомбылықтың құрбаны болуда. Бұған басты себеп – жағымсыз әдеттер.

Алкоголь мен есірткіге тәуелділік – қоғамның дерті. Мас күйінде балаларына қол жұмсап, оларды қараусыз қалдыратын ата-аналар сәбидің болашағына балта шабады. Тіпті, жаңа туған нәрестелерді тағдыр тәлкегіне тастап кету оқиғалары да кездесуде.

Зорлық-зомбылық баланың психологиясына ауыр соққы болып тиеді. Қорқыныш пен үрей баланы жасқаншақ етсе, ерік-жігердің жасытылуы өз құқығын қорғауға деген ұмтылысын жояды. Ал мінез-құлықтың бұзылуы көрген зорлығын болашақта басқаларға көрсетуі мүмкін.

Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деп тегін айтпаған. Зорлық-зомбылықтың бір ұшы тәрбиесіздіктен туындайды. Баланың абыройы мен құқығын құрметтеу – тек мемлекеттің емес, әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Зорлық-зомбылық арқылы жасалған кез келген әрекет қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын мән-жай болып саналады. Егемен еліміздің болашағы – бүгінгі бүлдіршіндер. Олардың амандығы мен құқықтарының қорғалуы жолында аянбай еңбек ету – ортақ міндетіміз.

Елубаев Марат Осербаевич

№17 «Түркістан» жалпы білім беретін мектеп» КММ-нің

әлеуметтік педагогы

Түркістан облысы, Жетісай ауданы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *