Фото: fool.com
СҰРАҚ: Мектепте жұмыс істеп жүргеніме екі жылдан асты. Модераторлық біліктілігін алу үшін әлі екі-үш жыл еңбек етуім керек екен. Сол кезде ғана жалақым өседі. Қазірше жалақым аз.
Жұмыстағы бір апай «Магистратураға грантпен оқуға түсіп алсайшы, ай сайын стипендия алып отырасың. Мен үш жыл қайта-қайта тапсырып жүріп 40 жасымда түстім. Келесі жылы бітірем. Қазір стипендия алып отырсам, магистр атанған соң жалақым өседі» дейді. «Қалай, қайда, қашан тапсыруым керек?» деп сұрасам, «интернетте ақпарат толып тұр» деп қысқа қайырды. Байқағаным, мектепте магистратураға дайындалып жүрген мұғалім көп. Бірақ ешқайсысы кеңінен түсіндіріп айтпайды.
Сұрайын дегенім, магистр атанудың мұғалімге қандай пайдасы бар? Мектептегі жұмысымды істеп жүріп оқуға бола ма? Оны бітірген соң жалақыға қанша қосылады?
Малика,
Түркістан облысы.
ЖАУАП: Магистратура – тек атақ, қосымша ақша үшін емес, мақсат үшін қажет білім жолы. Бүкіл әлемде магистр дәрежесі бакалавр дәрежесі бар студенттер үшін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді білдіреді. Бакалаврдан кейінгі білім деңгейі. Бұл жас маманның біліктілігін арттыру жолында көтерілетін саты.
Магистратураны кез келген жаста, мектепте және мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істеп жүріп те оқуға болады. Магистратураны оқып алсаңыз, көптеген мүмкіндікке ие боласыз.
- Кәсіби деңгейіңіз өседі
Магистратура – өз салаңызда терең білім алуға, кәсіби шеберлікті арттыруға арналған маңызды саты. Бұл білім сатысында сіз:
- ғылым мен зерттеуге жақындайсыз;
- жаңаша ойлауға, мәселені тереңірек талдауға машықтанасыз;
- тек пәнді емес, оқыту әдістемесін, педагогиканы, білімдегі заманауи үрдістерді үйренесіз.
Мұндай деңгейдегі білім сіздің мұғалімдік шеберлігіңізді дамытып, ерекше бәсекеге қабілетті маман болуға көмектеседі. Әріптестеріңіздің қасында дәрежеңіз жоғары болады және жұмысқа орналасарда жұмыс берушінің назарын аударады.
- Жалақыға қосымша ақы төленеді
Қазақстанда магистр дәрежесі бар жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне 10 АЕК көлемінде (шамамен 36 000-40 000 теңге) ай сайын қосымша ақы төленеді.
Бұл – мемлекет тарапынан сіздің біліміңізге жасалған тікелей қолдау. Зейнетке шыққаныңызша төленеді. Яғни, магистратура – ұзақмерзімді қаржылық инвестиция.
Айта кетейік, егер шекті балды жинап, грантпен магистратураға оқуға түссеңіз, екі жыл бойы ай сайын стипендия алып отырасыз (2025 жылғы стипендия мөлшері — 107061 теңге).
- Лауазымдық және мансаптық саты
Магистр дәрежесі – сізді болашақта жаңа деңгейге шығаратын баспалдақ:
- мектеп директоры немесе оқу ісінің меңгерушісі болғыңыз келсе;
- білім беру басқармаларында, колледждерде жұмыс істегіңіз келсе;
- жоғары лауазымды әкімшілік қызметтерге ұмтылсаңыз – магистратура қажет.
Мұндай дәрежесі бар мамандар жоғары жауапкершілікке ие болып, білім саясатына тікелей әсер ете алады.
- Ғылыммен айналысу және оқулықтар жазу мүмкіндігі
Магистратурада оқи жүріп, сіз:
- ғылыми мақалалар жариялауға,
- конференцияларға қатысуға,
- әдістемелік құралдар жазуға машықтанасыз.
Бұл – тек өзіңіз үшін ғана емес, бүкіл ұстаздар қауымы мен оқушылар үшін де құнды еңбек. Көп жағдайда осындай белсенділік сізді танымал педагог, зерттеуші, автор ретінде қалыптастырады.
- Докторантура мен ЖОО-да жұмыс істеуге жол
Магистр дәрежесі – келешекте PhD докторантураға жол ашады. Ал докторантура – ғылымдағы келесі деңгей. Сонымен қатар:
- университеттерде сабақ беру үшін магистр дәрежесі – міндетті талап;
- Сіз мектептен тыс, яғни қосымша ЖОО-да немесе арнайы білім беру орталықтарында жұмыс істей аласыз;
- білім беру курстарын, тренингтерді, жеке авторлық бағдарламаларды өткізуге толық мүмкіндік аласыз.
