Әр баланың бақытты балалық шағы мен сапалы білім алуы – баршамызға ортақ міндет. Әлеуметтік педагог ретінде менің басты мақсатым – әлеуметтік қолдауды қажет ететін әрбір оқушының назардан тыс қалмауына, өз қатарларымен тең жағдайда білім алуына мүмкіндік жасау.
Мектеп – тек білім беретін орта ғана емес, ол балаға қолдау көрсетіп, қиын сәтінде жанынан табылатын үлкен отбасы. Осы ұстанымды негізге ала отырып, мектебімізде оқушыларды әлеуметтік қолдау, қамқорлық көрсету және олардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде мектебімізде 161 оқушы ыстық тамақпен қамтылды. Ыстық тамақпен қамтамасыз ету – баланың денсаулығы мен дұрыс тамақтануына жасалған нақты қамқорлық. Баланың күнделікті ыстық әрі құнарлы тамақпен қамтамасыз етілуі оның денсаулығын сақтауға және оқу үдерісіне белсенді қатысуына оң ықпал етеді.
Қамқорлықтың тағы бір көрінісі – демеушілер тарапынан көрсетілген көмек. 12 оқушы мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілді. Бұл игі бастама балалардың оқу жылын қажетті құралдармен бастап, білім алуға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді. Демеушілердің қайырымдылық көмегі – қоғамдағы жанашырлық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі.
Мемлекет тарапынан да әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жүйелі қолдау көрсетілуде. Атаулы әлеуметтік көмек алатын және жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан 76 оқушы қаржылай көмекпен қамтылды. Бұл қолдау отбасылардың әлеуметтік жағдайын жеңілдетіп қана қоймай, балалардың білім алуына қажетті жағдай жасауға септігін тигізуде.
Әлеуметтік қолдау – тек материалдық көмек көрсету емес. Оның артында әр баланың тағдыры, арманы мен болашағы тұр. Кейде бір мектеп сөмкесі, қажетті оқу құралы немесе бір мезгіл ыстық тамақтың өзі бала үшін үлкен қуанышқа айналады. Ал балаға көрсетілген шынайы қамқорлық оның жүрегінде мейірім, сенім және үміт қалыптастырады.
Әлеуметтік педагог жұмысының мәні де осында – әр баланың жағдайын назарда ұстап, оның құқығы мен мүддесін қорғау, қиындыққа тап болған жағдайда қолдау көрсету және білім алуға тең мүмкіндік жасау.
Қамқорлық – қайырымды жүректен басталады. Ал бүгін балаға жасалған қолдау – ертеңгі ел болашағына салынған маңызды қадам.
Біздің басты жетістігіміз – баланың жүзіндегі қуаныш, білімге деген ынтасы және өз болашағына деген сенімі. Сондықтан мектебімізде әлеуметтік қолдауға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Әр бала бақытты болуға, білім алуға және арманына жетуге лайық. Балаға жасалған әрбір қамқорлық – жарқын болашаққа бастар жол.
Қожабекова Макпал,
«І. Жансүгіров атындағы ЖББМ»
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
әлеуметтік педагогы.
