Қазіргі мектептегі ең өзекті мәселелердің бірі – оқушының кітап оқуға қызығушылығын қалыптастыру. Өйткені бүгінгі оқушының ақпаратқа қолжетімділігі бұрын-соңды болмаған деңгейде. Бір ғана смартфон арқылы ол бейне көре алады, подкаст тыңдайды, қысқа мәтін оқиды, кез келген сұраққа бірнеше секундта жауап табады. Осындай жылдам цифрлық ортада бірнеше жүз беттік кітапты қолға алып, оны соңына дейін оқуға баланы қалай ынталандырамыз?

Менің көп жылдық педагогикалық тәжірибемдегі байқағаным, көп жағдайда бала өзіне қызық кітапты таба алмағандықтан, кітап оқуды міндет ретінде қабылдағандықтан немесе оқығанынан кейін үнемі есеп беруге мәжбүр болғандықтан кітаптан алыстайды.

Сондықтан қазіргі мұғалімнің міндеті – «кітап оқытушы» болу емес, оқырман қалыптастырушы болу. Бұл екеуінің айырмашылығы үлкен.

Кітап оқытушы «Мына кітапты оқы. Келесі сабақта сұраймын» деп міндеттесе, ал оқырман қалыптастырушы «Сен қандай тақырыпқа қызығасың? Қандай сұраққа жауап іздеп жүрсің? Саған қай жанрдағы кітап ұнайды? Соңғы оқыған шығармаң қайсы?» дейді. Мысалы, сыныбымдағы бір оқушы футболдан басқа ештеңеге қызықпайтын, кітап оқуға да құлқы жоқ еді. Бір күні оған футболшылардың өмірі мен жетістіктері туралы жеңіл әрі қызықты кітап ұсындым. Оқушы кітапты бір аптаға жетпей оқып бітіріп, маған: «Мұғалім, осындай тағы қандай кітап бар?» — деп сұрады. Бұл мен үшін қуанышты сәт болды. Өйткені баланың кітапқа деген қызығушылығы дәл өзі жақсы көретін тақырыптан басталған еді. Кейін оған мазмұны біртіндеп күрделене түсетін шығармаларды ұсынып отырдым. Осылайша ол баяу болса да көркем әдебиетке ден қойып, кітап оқуды әдетке айналдыра бастады.

Қазіргі зерттеулер де оқушының оқу қызығушылығын арттыруда таңдау еркіндігі мен жеке қызығушылықты ескерудің маңызын көрсетіп отыр. 2024 жылы жарияланған зерттеулер шолуында оқушының дербестігі, мәтінді өз қалауына қарай таңдау мүмкіндігі, өзін белсенді оқырман ретінде сезінуі және әлеуметтік оқу ортасының қалыптасуы маңызды педагогикалық факторлар ретінде атап өтіледі. Бұл тұжырымдар мұғалімнің міндеті – баланы кез келген кітапты оқуға мәжбүрлеу емес, оны оқуға жетелейтін дұрыс «есікті» табу екенін аңғартады.

Ал 2026 жылғы National Literacy Trust материалдарында оқушының өзіне ұнайтын тақырыпқа байланысты кітапты таңдауы, түрлі форматтағы мәтіндерге қолжетімділігі және оқу барысында белгілі бір еркіндіктің болуы ішкі мотивацияны күшейтетін факторлар ретінде қарастырылады. Яғни бала оқуды «мұғалім талап еткен міндет» емес, «өзім таңдаған әрекет» ретінде қабылдаған кезде оның кітаппен қарым-қатынасы да өзгере бастайды.

Сондықтан оқушыны кітапқа жақындатудың алғашқы қадамдарының бірі – оған таңдау құқығын беру. Әрине, бұл «оқушы не қаласа, соны ғана оқысын» деген сөз емес. Мұғалім бағыт-бағдар беруші рөлін сақтайды. Бастысы – баланың қызығушылығын жоққа шығармай, сол қызығушылықты біртіндеп сапалы әрі мазмұнды оқуға қарай бағыттау.

Сабақ барысында осы ұстанымды жүзеге асыру үшін «Үш есік» әдісін қолдануға болады. Әдістің негізгі мақсаты – әр оқушыға кітапқа өзіне жақын жол арқылы кіруге мүмкіндік беру.

Бірінші есік – «Мен білемін». Бұл кезеңде оқушы өзіне бұрыннан таныс, қызықты тақырыпқа байланысты кітап таңдайды. Мысалы, футболға қызығатын бала спортшылардың өмірбаянын, спорт тарихын немесе белгілі бір футболшының жетістіктері туралы кітапты таңдауы мүмкін. Оқушының алғашқы оқыған кітабы аса күрделі болмауы мүмкін, бірақ оның оқуға деген сенімін қалыптастыруы маңызды.

Екінші есік – «Мен білгім келеді». Бұл жерде баланың қызығушылығы нақты сұраққа айналады. «Ғарышта адам қалай өмір сүреді?», «Жасанды интеллект қалай жұмыс істейді?», «Атақты адамдар жетістікке қалай жетті?» деген сұрақтардың жауабын іздеу үшін кітап таңдалады. Ол кітапты жай ғана «оқу керек болғандықтан» емес, өзіне қажет жауапты табу үшін оқиды.

Үшінші есік – «Мен өзімді сынаймын». Бұл кезеңде оқушы өзінің қалыптасқан оқу шеңберінен шығып, жаңа жанрға, жаңа авторға немесе күрделірек мәтінге қадам басады. Осы бағытта кітап оқу марафондары мен республикалық оқу жобаларының мүмкіндігін де тиімді пайдалануға болады. Мысалы, оқушы бұрын өз қызығушылығына сай ғана бірнеше кітап оқып жүрсе, марафонға қатысу арқылы белгілі бір уақыт ішінде ұсынылған шығармаларды оқып, жаңа авторлармен танысып, өзін оқырман ретінде сынап көреді.

Мұндай марафонды «кім көп кітап оқиды?» деген жарысқа ғана айналдырмай, оқушының ең алдымен өзімен-өзі бәсекелесуіне мүмкіндік берген жөн. Өйткені кітап оқудағы басты нәтиже – біреуден көп оқу емес, баланың өзінің оқу дағдысын біртіндеп жетілдіруі. Мысалы, «Былтыр бір кітап оқыдым, биыл үш кітап оқып көрейін», «Бұрын бұл жанрды оқымап едім, енді байқап көрейін», «Маған қиын көрінген шығарманы соңына дейін оқып шығамын» деген сияқты жеке мақсаттар оқушының ішкі мотивациясын күшейтеді. Бала өз нәтижесін өзгемен емес, кешегі өзімен салыстыра бастағанда, оқу біртіндеп сыртқы талаптан ішкі қажеттілікке айналады.

Осы ретте мұғалім оқушыларға кітап оқуға ынталандыратын түрлі сайыстар мен марафондар туралы ақпарат беріп, олардың қызығушылығын қолдап отырғаны дұрыс. Мәселен, жыл сайын «Шұғыла» қоры мен «Дария» дамыту орталығы ересектер мен оқушылар арасында «Тұлға болам» кітап оқу сайысын ұйымдастырып келеді. Байқау жеңімпаздарына шетелге жолдама және бағалы сыйлықтар табысталады. Мұндай жобалар оқушыға өз білімін сынап көруге, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және өз қатарластарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Қазір reading-nation.kz сайтында 2026 жылғы қыркүйек пен 2027 жылғы сәуір аралығында өтетін «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына тіркелу жүріп жатыр. Оның «Кітап оқитын мектеп» бағыты 6–10 сынып оқушыларына арналған. Қатысушылар арнайы іріктелген 15 кітапты оқып, алты айдан кейін тестілеуден өтеді. Нәтижесінде үздік нәтиже көрсеткен оқушылар бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Осындай республикалық жобалар туралы оқушыларға дер кезінде ақпарат беру де олардың кітапқа деген қызығушылығын арттырудың бір жолы.

Дегенмен кітап оқуға ынталандыру тек марафондар мен байқауларға қатыстырумен шектелмеуі керек. Ең маңыздысы – оқылған кітаптың мазмұнын оқушының өз өмірімен байланыстыра білу. Себебі бала шығармадағы оқиғаның өзіне таныс жағдайлармен үндесетінін сезінгенде ғана мәтінге шынайы қызығушылық танытады.

Мысалы, шығармада ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас сөз болса, оқушыларға: «Қазіргі отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушіліктің негізгі себебі неде?» деген сұрақ қоюға болады. Оқушылар кейіпкерлердің әрекетін талдай отырып, өз отбасындағы немесе айналасындағы қарым-қатынастар туралы ойланады.

Егер шығармада достық пен сатқындық мәселесі көтерілсе, «Әлеуметтік желідегі достық пен шынайы достықтың айырмашылығы қандай?» деген тақырыпта пікірталас ұйымдастыруға болады. Ал шығармадағы негізгі мәселе арман мен мақсатқа байланысты болса, «Арманға жету үшін талант маңызды ма, әлде еңбек пе?» деген сұрақ төңірегінде пікір алмасуға болады. Мұндай тапсырмаларда оқушы дайын жауапты іздемейді, өз көзқарасын қалыптастырып, оны дәлелдеуге тырысады.

Бұл тәсіл оқуды жай ғана мазмұндау немесе кейіпкерді сипаттау деңгейінен көтеріп, оқушының сыни ойлауына, өз пікірін еркін айтуына және әдеби шығарманы өмірлік тәжірибесімен байланыстыруына мүмкіндік береді.

Мен тәжірибеде қолдануға тиімді деп санайтын тағы бір әдіс – «Сұрақтан кітапқа» әдісі. Әдетте біз оқушыға алдымен шығарманың атауын айтып: «Осы кітапты оқимыз» дейміз. Ал керісінше жасап көрсек ше? Яғни алдымен кітапты емес, баланы ойландыратын сұрақты ұсынсақ ше? Мысалы, сабақтың басында: «Досың сенің ең үлкен құпияңды басқа адамға айтып қойса, оны кешірер ме едің?», «Ақша адамды бақытты ете ала ма?», «Адам өз тағдырын өзі өзгерте ала ма?» деген сұрақтардың бірін ортаға салуға болады. Оқушылар өз пікірлерін білдіреді. Бірі «иә», бірі «жоқ» дейді. Кейбірі өз жауабын мысалмен дәлелдеуге тырысады. Осы кезде мұғалім: «Ендеше, осы сұраққа әдеби шығарма арқылы жауап іздеп көрейік» деп, оқушыларды кітапқа бағыттайды.

Бұл жерде маңызды психологиялық өзгеріс болады: бала кітапты мұғалімнің тапсырмасы ретінде емес, өзінің сұрағына жауап іздейтін құрал ретінде қабылдайды. Демек, оқу процесінің бастамашысы мұғалім емес, оқушының өз қызығушылығы болады.

Кітап оқуды әлеуметтік қарым-қатынаспен ұштастырудың тағы бір қызықты жолы – «Кітаптағы сот процесі». Мысалы, шығармадағы кейіпкердің әрекеті даулы болса, оқушылар прокурор, адвокат, судья, куәгер, айыпталушы, сарапшы, журналист рөлдеріне еніп, «Кейіпкер кінәлі ме?» деген тақырыпта пікірталасады.

Прокурор кейіпкерді айыптайды, адвокат қорғайды, куәгер мәтіндегі оқиғаларға сүйенеді, судья шешім шығарады. Бірақ басты талап – әр пікір шығармадағы нақты дәлелмен бекітілуі тиіс. Осылайша оқушы кітапты жай оқып қана қоймай, өз пікірін дәлелдеу үшін мәтіннен қажетті ақпаратты іздейді. Бұл әдіс оқу сауаттылығын, сыни ойлауды, сөйлеу мәдениетін және дәлелдеу дағдысын қатар дамытады.

Кітап оқуға қызығушылықты арттыруда оқушының цифрлық ортасын да тиімді пайдалануға болады. Цифрлық технологияны кітапқа қарсы қоюдың орнына, оны кітапқа апаратын көпірге айналдырған жөн. Мысалы, мектепте «QR-кітап» және өзі оқыған кітап туралы 30–60 секундтық қысқа видео дайындайтын «BookTalk» жобасын ұйымдастыруға болады. Кітап сөресіне QR-код орналастырылады. Оқушы оны сканерлегенде кітап туралы қысқа бейнероликке, мұғалімнің немесе оқушының ұсынысына, автор туралы мәліметке, аудиофрагментке немесе қызықты сұраққа өтеді.

Әрине мұғалімнің жеке оқырмандық үлгісі де ерекше рөл атқарады. Балаларға «Кітап оқыңдар» деп айтатын мұғалімнің қолынан үнемі телефон түспесе, оның сөзі баланың санасына терең жетпеуі мүмкін. Ал мұғалім сабаққа: «Балалар, кеше мына кітапты оқып бастадым. Бір кейіпкердің әрекетіне қатты ашуландым. Бірақ кейін оның неге олай жасағанын түсіндім» деп кірсе, оқушылардың бірі міндетті түрде «Қандай кітап?» деп сұрайды.

Міне, осы сұрақтың өзі – үлкен нәтиже. Себебі мұғалім оқуға бұйрық берген жоқ. Ол өзінің оқырмандық тәжірибесімен бөлісті. Баланың кітапқа қызығушылығы көбіне осындай табиғи қарым-қатынастан басталады.

Оқушыны кітапқа жақындатудың тағы бір маңызды қағидасы – «кітаптан өмірге, өмірден кітапқа» бағытында жұмыс істеу. Әдеби шығарма баланың өз өмірімен, қазіргі қоғаммен және жеке тәжірибесімен байланысқанда ғана оған шынайы әсер етеді. Мысалы, Абай шығармаларын оқығанда «Егер Абай бүгінгі жастар арасында өмір сүрсе, қандай мәселені көтерер еді?» деген сұрақ қоюға болады. Шоқан шығармашылығын қарастырғанда: «Шоқан бүгінгі Қазақстанда өмір сүрсе, қай ғылым саласында еңбек етер еді?» деп ойландыруға болады. Оқушыларға кейіпкердің әлеуметтік желідегі парақшасын жасатып, оның өмірбаянын жаздыруға немесе бүгінгі оқушыға арнап хат құрастыртуға болады.

Тіпті «Абай TikTok жүргізсе, алғашқы видеосы қандай болар еді?» деген креативті сұрақтың өзі оқушыны ойландырады. Мұндай тапсырмалардың мақсаты әдеби тұлғаны жеңілдету емес, оның дүниетанымы мен идеясын қазіргі заманның тілі арқылы қайта түсіндіру. Оқушы кейіпкерді бүгінгі өмірмен салыстырған сайын оның мінезін, құндылығын, таңдауын тереңірек түсінеді.

Ал «Оқырманнан авторға» әдісі баланы шығармашылыққа жетелейді. Оқушыға шығарманың жалғасын жазу, оқиғаны басқа кейіпкердің атынан баяндау, сюжетті бүгінгі заманға көшіру, кейіпкерді қазіргі мектеп оқушысына айналдыру немесе шығарманың бір тарауын басқа жанрда қайта жазу сияқты тапсырмалар беруге болады.

Мұндай жұмыстарда бала дайын мәтінді қабылдаушы ғана болмайды. Ол шығарманы талдайды, оған баға береді, өз нұсқасын ұсынады.

Оқушының кітап оқуға қызығушылығын қалыптастырудағы ең маңызды ұстанымдардың бірі – қысым жасамау. Кітапты жаза ретінде ұсынуға болмайды. «Үй жұмысын орындамасаң, кітап оқисың» деген сөздің өзі баланың кітапқа деген жағымды көзқарасын өзгертуі мүмкін.

Бала кітапты жаза емес, мүмкіндік ретінде қабылдауы керек. Кітап – басқа адамның өміріне үңілудің, жаңа әлемді танудың, өз сезімі мен ойыңды түсінудің жолы. Сондықтан біздің мақсатымыз оқушыға жылына қанша кітап оқығанын ғана есептету емес, оқудың адам өмірін өзгерте алатынын сезіндіру.

Балаға «Кітап оқы, өйткені бұл пайдалы» деуден бұрын, «Саған қандай әлем қызық?» деп сұрайық. Содан кейін сол әлемге апаратын кітапты бірге іздейік. Өйткені түпкі мақсатымыз – қолына кітап ұстап отырған баланы ғана емес, кітаптан өзіне қажетті ойды, сезімді, жауапты таба алатын саналы оқырманды тәрбиелеу.

Нағыз нәтиже – оқушының «Мұғалім тапсырған кітапты оқыдым» деуі емес. Нағыз нәтиже – бір күні оның мұғалімге өзі келіп «Апай, мына кітапты оқып көріңізші. Маған қатты ұнады!» деуі. Сол сәтте біз оған жай ғана кітап оқытпағанымызды түсінеміз. Өйткені біз оның бойында оқырманды ояттық.

Ахунова Фариза Ншанбековна,

№64 «Мақталы» жалпы білім беретін мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Түркістан облысы, Жетісай ауданы.

(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *