Қадірлі ұстаздар!
Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Біз озық ойлы ұлт қалыптастыру жолында бірлесе еңбек етуіміз керек. Халқымызда «Білім – таусылмас қазына» деген сөз бар. Сапалы білім мен нағыз ғылымға ұмтылсақ, біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз.
Білікті мұғалімдеріміз, дарынды жастарымыз, мызғымас бірлігіміз барда еліміз кез келген белесті бағындырады. Бұған еш күмәнім жоқ. Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Мұғалімнің еңбегі ең жоғары құрметке лайық. Мен бүгін бір топ ұстазды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға құтты болсын деймін! Қызметтеріңізге табыс тілеймін. Жаңа оқу жылы жемісті болсын!
Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясының пленарлық отырысында осылай ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Сондай-ақ мемлекет басшысы білім беру саласында әлі күнге дейін шешімін таппай отырған біраз түйткіл бар екенін айтып, бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталды. Білім саласындағы өзгерістер мен жаңа міндеттердің негізгі түйінін назарларыңызға ұсынамыз.
***
«Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді доғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек.
Әрбір реформаны, әсіресе, білім саласындағы реформаны жүзеге асыру алдында оны жан-жақты саралау қажет, оның тиімділігіне әбден көз жеткізу керек. Реформа, бұл – бастапқы сынақ, эксперимент емес, бұл – жауапты шешім мен іс-шара. Үкімет педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін қайта қарау кезінде бұл мәселені міндетті түрде ескеруге тиіс»
***
«Өздеріңізге мәлім, мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету үшін «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы құрылды. Бірақ бүгінде бұл ұйымның жұмысы мардымсыз деуге болады. Мәселен, маған ұстаздардан аттестация ережесін қайта қарау туралы көптеген өтініш келіп түсті. Мұғалімдер артық жүктеменің және қағазбастылықтың көп екенін айтып, шағымданып отыр.
Осыған орай, мен педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру, жетілдіру жөнінде нақты тапсырма бердім. Бұл жерде бағалаудан мүлде бас тарту немесе оны күрделендіру туралы сөз болып отырған жоқ»
***
«Құзырлы министрлік орта білімнің мазмұнын заман талабына сай жаңғыртуы қажет. Мысалы, тарихи аңыздар мен шындыққа сай келмейтін оқиғалардың орнына өскелең ұрпаққа ілгерілеуге, прогреске бағытталған пәндерді оқыту қажет… Тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажет. Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы»
***
«Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек.
Мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына, оқу процесіне тікелей қатысы жоқ түрлі қоғамдық іс-шараларға тартқаны туралы жаңалықтар ара-тұра шығып жатады. Бұл жөнінде әлдеқашан келіскенбіз. Бұған жол беруге болмайды»
***
«Қыркүйекте Жасанды интеллект университеті ашылады. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Үкімет Қытайдың жаңа технологияларды меңгерудегі жетістігі мен тәжірибесін ескере отырып, Астанада Қазақстан-Қытай жасанды интеллект мектебін ашу мәселесін пысықтағаны жөн.
Балалар мен педагогтердің жасанды интеллектіні жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдау қажет. Жастар, әсіресе, ауыл жастары цифрлық құрылғыларды, мәселен, смартфонды тұрақты табыс табуға пайдалана білуі керек. Сіздерді құлаққағыс етейін, Жолдауда осы жөнінде нақты міндет қоямын»
***
«Қазіргі жағдай 2018 жылы қабылдаған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заңды қайта қарауды және елеулі өзгерістер енгізуді талап етеді. Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салатын заң жобасын әзірледі (биыл маусым айында Парламент қарауына ұсынылды). Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға осы мәселені қарастыруды ұсынамын.
Көптеген озық елдер осы іспеттес шаралар қабылдады. Бізге де балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді деп ойлаймын.
Балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырамын»
***
«Менің тапсырмам бойынша осы жылдан бастап мектептерде «Құқық негіздері» пәні оқытылатын болды. Бұдан бөлек, оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізіледі. Негізгі мақсат: тек заңды сақтайтын, Конституцияны сыйлайтын жастар ғана жарқын келешекке, мол табысқа қол жеткізеді, түсінікті тілмен айтсақ, бақытты өмір сүреді. Ең маңызды мақсат: Конституцияның негізгі қағидаттары ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі болуға тиіс»
***
«Кітап оқу мәдениетін насихаттауға айрықша назар аударған жөн. Биыл тиісті Жарлыққа қол қойдым. Үкімет осы жұмысқа қоғам белсенділерін, шығармашылық пен ғылыми қауымдастық өкілдерін, журналистер мен кәсіпкерлерді көптеп тартқаны жөн.
Екі жыл ішінде Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында Президенттік кітапханалар өз жұмысын бастайды. Мұндай кітапханаларды Шымкентте және басқа да облыс орталықтарында салу жоспарда бар. Демеушілер аталған бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін»
***
««Келешек мектептері» инновациялық шешімдерді енгізу және ұлттық білім беру үлгісін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқаруы керек. Осы орайда Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына зор жауапкершілік жүктеледі.
Алдағы үш жыл ішінде «Келешек мектептері» білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуға тиіс»
***
«Елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім керек. Себебі халық саны тұрақты түрде артып келеді. Соңғы жылдары салынып жатқан мектептердің саны да едәуір көп. Осы жағдай педагог мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл мәселе бойынша министрлік тың тәсілдер ұсынуға тиіс».
